Caspianlife, 5 мамыр. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің басшылығы Алматы халықаралық әуежайы әкімшілігімен терминал шатырының су басу дерегі бойынша шұғыл кеңес өткізді.
Тексеру қорытындысы бойынша Азаматтық авиация комитеті әуежайды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар әуежай басшылығы техникалық мәселелерге жауапты аға вице-президент Мехмет Гюзельге тәртіптік жаза қолданды.
Әуежай жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады. Қазіргі уақытта анықталған кемшіліктерді жою шаралары күшейтілген. Мәліметке сәйкес, жөндеу жұмыстарын толық аяқтау және су басу себептерін жою алты ай ішінде жоспарланып отыр.
Көлік министрлігінде мұндай заңбұзушылықтар дереу тоқтатылатыны, ал азаматтық авиация саласындағы талаптардың сақталуы мен авиациялық инфрақұрылым нысандарының үздіксіз жұмысына бақылау қатаң болатыны атап өтілді.

