Caspianlife, 27 сәуір. Бұл жарыс Түркияның Стамбул қаласында 24–26 сәуір аралығында өткен Шотокан каратэден 16-шы әлем чемпионатында өтті.
Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында облыстық спорттық және дәстүрлі каратэ-до федерациясы вице-президенті Айбат Рахман хабарлады. Оның айтуынша, WKF каратэ нұсқасы бойынша ересектер арасында атыраулық спортшылар мынадай нәтижелер көрсетті:
– ардагерлер (45–54 жас) арасында Марат Мурзиев 1-орын алды;
– 75 кг-нан жоғары салмақ дәрежесінде Нұрберген Дамир 1-орын алып, әлем чемпионы атанды;
– 75 кг-ға дейінгі салмақта Батырғали Әбілмансұр 2-орын иеленді;
– 67 кг-ға дейінгі салмақта Батырғалиев Файзулла 2-орын алды.
Ересектер арасындағы командалық кумите сайысында Марат Мурзиев, Нұрберген Дамир, Батырғали Әбілмансұр және Батырғалиев Файзулладан құралған атыраулық команда 1-орынға ие болды. Финалда олар Түркия құрамасын жеңді.
«Спортшыларды “Қайсар” спорт клубының жаттықтырушылары мен төрешілері және Атырау облыстық спортты дамыту дирекциясы дайындады», — деп нақтылады Айбат Рахман.
Анықтама: Марат Мурзиев Бисенғалиұлы – Атырау облысы әкімінің орынбасары. Қазақ гуманитарлық-заң университетін («құқықтану» мамандығы) және Т.Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университетті (Нархоз) («экономист» мамандығы) тәмамдаған.
Еңбек жолын 2003 жылы Атырау облысында табиғат қорғау прокурорының көмекшісі ретінде бастаған. 2004 жылы Атырау қаласы прокурорының көмекшісі болып жұмыс істеді, 2006–2009 жылдары түрлі компанияларда заңгер және қоғаммен байланыс менеджері қызметтерін атқарды.
2009 жылы Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы әкімінің аппаратында кеңесші болды.
2010–2011 жылдары Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасында бөлім басшысы, кейін Атырау облысы әкімдігі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
2012 жылы Атырау облысы әкімінің аппараты басшысының құқықтық қамтамасыз ету және бақылау жөніндегі орынбасары, 2013 жылы облыстық тексеру комиссиясының төрағасы болды.
Әр жылдары Атырау облысындағы Исатай және Құрманғазы аудандарының әкімі қызметтерін атқарған.


