CaspianLife, 22 сәуір. ҚазТрансОйл АҚ Марлен Жақсылықұлы Төлегеновтің Батум мұнай терминалы ЖШҚ бас директоры болып тағайындалғанын хабарлады.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, Марлен Төлегенов Атырау мұнай және газ институтын «газ-мұнай құбырлары мен қоймаларын жобалау, салу және пайдалану бойынша инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдаған.
ҚазТрансОйл жүйесінде 25 жылдан астам еңбек еткен ол әр жылдары Атырау және Маңғыстау мұнай құбыры басқармаларында бас инженер, Атырау мұнай құбыры басқармасы басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары, мұнай құбыры басқармасының басшысы, сондай-ақ компанияның орталық аппаратында пайдалану департаментінің директоры қызметтерін атқарған.
«Оның басшылығымен магистральдық құбырлардың сенімді әрі қауіпсіз жұмысы қамтамасыз етіліп, өндірістік үдерістердің тиімділігі артты», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, Батум мұнай терминалы — ҚазТрансОйл АҚ-ның шетелдегі активі және қазақстандық мұнайды халықаралық нарықтарға жеткізудегі маңызды логистикалық нысан. Компания Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Грузия және басқа елдерден жеткізілетін шикі мұнай мен мұнай өнімдерін ауыстырып тиеу қызметін көрсетеді. Терминал экспорт бағыттарын әртараптандыруда және мұнай тасымалдау жүйесінің тұрақтылығын арттыруда маңызды рөл атқарады.

