Caspianlife, 19 қаңтар. Қазақстандағы Теңіз және Королев кен орындарында мұнай өндіру электрмен жабдықтаудағы мәселелерге байланысты уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі кен орындарының операторы — «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
«ТШО сақтық шарасы ретінде Теңіз және Королев мұнай кен орындарындағы өндірісті уақытша тоқтатқанын растайды», — делінген компания хабарламасында.
Компания өкілдерінің нақтылауынша, өндірістің тоқтатылуы «нысандағы электр энергиясын тарату жүйелерінің кейбіріне әсер еткен мәселеге» байланысты. Сонымен қатар, «Теңіз кен орны мен оның инфрақұрылым нысандары қауіпсіз күйде» екені атап өтілді.
Reuters мәліметінше, ұлттық компания «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) 18 қаңтар күні таңғы сағат 09:53-те Қазақстандағы ең ірі Теңіз кен орнында ГТЭС-4 станциясындағы GT-9.3 турбинасының трансформаторы жанғанын, ал сағат 11:20-да GT-9.5 трансформаторында да өрт шыққанын хабарлаған. ҚМГ дерегіне сәйкес, өрт толық сөндірілген, зардап шеккендер жоқ.