Caspianlife, 11 маусым. Маңғыстау облысы туристерді қабылдау көрсеткіші бойынша республикадағы алты жетекші өңірдің қатарына кіреді. Алайда шетелдік туристерді тарту бойынша облыс елімізде 10-орында тұр.
Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында айтылды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. Облыстық туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашевтың айтуынша, 2025 жылы өңірге 519 мың турист келеді деп жоспарланып отыр. Олардың 430 мыңы – ішкі туристер, ал 89 мыңы – шетелдік қонақтар.
«Шетелдік туристердің басым бөлігі Ресей, Қытай, Иран, Италия, Әзербайжан, Ұлыбритания, Бельгия, Түркия, Өзбекстан және АҚШ елдерінен келген. Жалпы болжам бойынша, 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш екі есе артуы тиіс», – делінген хабарламада.
Қазіргі таңда өңірде ішкі туризмді дамытуға бағытталған 15 туроператор тіркелген. Олар 206 туристік бағыт бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетімен бірлесіп, Маңғыстау облысының туристік әлеуетін арттыруға арналған стратегиялық жоспар әзірленіп жатыр. Аталған оқу орны қазіргі уақытта Еуропалық Одақтың Erasmus+ бағдарламасы аясында гранттық қаржыландыру алып отыр.
2025–2029 жылдарға арналған «Маңғыстау» туристік аумағын дамыту бойынша кешенді жоспар дайындалған. Құжатта тұрақты туризмді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, инвестиция тарту және маңызды туристік жобаларды жүзеге асыруға бағытталған тоғыз негізгі бағыт белгіленген.
— Қазіргі уақытта өңірде туризм саласына инвестиция тарту, курорттық инфрақұрылымды, визит-орталықтарды, этноауылдар мен өзге де сервистік нысандарды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 2025–2027 жылдар аралығында салада 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылады, — деді Ерсін Ибрашев.
Биыл «Жылы жағажай» аумағында модульді эко-курорттың құрылысы басталады.
«Сондай-ақ биыл автокөлікте саяхаттауға арналған жаңа туризм форматы — караванинг бағыттарын дамыту жобасы басталады. Қазіргі уақытта Бозжыра, Шерқала, Ыбыкты сай және Жығылған бағыттары караванингке лайықты маршрут ретінде белгіленді», — деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Туристерді ақпараттандыру мақсатында биыл өңірдің отыз туристік аймағында жарнамалық тақталар, жол бойына көрсеткіш белгілер мен ақпараттық дүңгіршектер орнату жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауапты басқармаға аталған жобаларды белгіленген мерзімде іске асыруды тапсырды.