CaspianLife, 27 мамыр. Бұл туралы кеше Астанада Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) бас директоры Николай Горбань арасындағы жұмыс кездесуінде айтылды.
Іс-шараға сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен ҚР Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов қатысты. Халықаралық консорциум басшысы ҚР Үкіметінің басшысына 2024 жылғы қызмет қорытындылары мен 2025 жылғы 23 мамырда пайдалануға берілген «Кропоткинская» мұнай айдау станциясында жүргізілген қалпына келтіру жұмыстарының сәтті аяқталғаны жөнінде баяндады.
Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) баспасөз қызметінің хабарлауынша, Николай Горбань мұнай құбыры компаниясының қазіргі қызметі, оның ішінде қолданыстағы және перспективалық инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылуы, өндірісті жаңғырту және Теңіз – Новороссийск құбыр жүйесінің сенімділігін арттыру бойынша ақпарат ұсынды. Сондай-ақ КҚК мен «ҚазТрансОйл» АҚ арасындағы ынтымақтастықтың дамып келе жатқаны атап өтілді. 2024 жылы компаниялар «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Қасымов атындағы мұнай айдау станциясы мен КҚК мұнай құбыры арасындағы жаңа өткелді салу және қосу жобасын сәтті іске асырды. Бұл құбыр жүйелерінің жұмысының сенімділігі мен икемділігін арттырды.
Кездесу барысында «КТК-К» АҚ-ның Қазақстан бюджетіне тұрақты салық төлеуі, акционерлерге дивидендтер төлеуі, жүк жөнелтушілермен тасымалданатын мұнай көлемінің тұрақты және жоспарлы түрде жеткізіліп отыруы, сондай-ақ шикізатты әлемдік нарыққа үздіксіз жөнелту мәселелері айтылды. Консорциум басшысы премьер-министрге биыл қазан айында КҚК теңіз терминалында миллиардыншы тонна мұнай жөнелтілетінін және осы маңызды оқиғаға орай ұйымдастырылатын салтанатты іс-шараларға қатысуға шақырды.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, КҚК Атырау облысында әлеуметтік жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруда. 2024 жылы КТК-К қайырымдылық жобаларға 4,4 млрд теңге бөлген. Соңғы жүзеге асқан маңызды жобалардың бірі – Атырау қаласының шетіндегі Талғайраң шағын ауданында 900 орындық мектептің салынуы.
«2025 жылы аудандық ауруханаларға медициналық жабдықтар табысталып, жедел жәрдем көліктері мен мектеп автобусы сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, келесі жылы КҚК қаражаты есебінен Атырау қаласында Жастар үйінің құрылысы басталады», – делінген Каспий құбыр желісі консорциумының баспасөз хабарламасында.