CaspianLife, 26 мамыр. Қаржылық мониторинг агенттігі «Заң және Тәртіп» атты нарратив аясында Қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиаданың финалын өткізді.
Финалдық кезеңді ашқан Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Раисов қаржылық қауіпсіздік тек алаяқтықтан қорғану ғана емес, сонымен қатар тұрақты, әділетті және заңға бағынатын экономиканың ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметінің хабарлауынша, олимпиада жастардың адалдықты, ашықтықты, заң мен тәртіпті қолдауының нышанына айналды.
Олимпиадаға 3 мыңнан астам студент тіркеліп, іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 40 үздік студент финалға өтті. Финалда қатысушылар тестілеуден өтіп, кейстік тапсырмаларды шешті. Осы сынақтардың нәтижесінде 10 жеңімпаз анықталып, олар Ресей Федерациясында өтетін Халықаралық қаржылық қауіпсіздік олимпиадасында Қазақстанның атынан қатысады.
Жеңімпаздар төмендегідей бағыттар бойынша анықталды:
Ақпараттық қауіпсіздік:
-
Ислам Абдулахадов – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
-
Халил Каландаров – А.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті (ҚарТУ)
-
Батырхан Нариманов – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті
Экономика:
-
Альбина Бухарбаева – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
-
Данияр Жұмаш – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті
-
Вадим Тотьмянин – «Туран-Алматы» университеті
Құқықтану:
-
Алишер Ким – Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
-
Қуанышбек Аманбаев – Maqsut Narikbayev University
Халықаралық қатынастар:
-
Мақсат Тілектес – Maqsut Narikbayev University
-
Жасмина Закария – Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті
Олимпиада Maqsut Narikbayev University, Қаржылық мониторинг академиясы (AML Academy), ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалық кеңсесі және Қаржылық қауіпсіздік саласындағы Халықаралық желілік институттың қолдауымен өткізілді.
ҚМА баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиада тек байқау емес, сонымен бірге құқықтық мәдениетті нығайтуға, қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алуға және болашақтың тұрақты экономикасын қалыптастыруға бағытталған маңызды білім беру жобасына айналуда».