Caspianlife, 25 сәуір. Бұған дейін хабарланғандай, аталған өңірлерде – Жайық-Каспий бассейніндегі су айдындарында 1 сәуірден 31 мамырға дейін жыл сайынғы кең ауқымды «Бекіре» балық қорғау акциясы өткізілуде.
Акция басталғалы бері Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары құқық қорғау, табиғатты қорғау органдары және ҚР ҰҚК Шекара қызметі қызметкерлерімен бірлесіп, табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 459 дерегін анықтап, жолын кескен. Соның нәтижесінде 340 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының баспасөз хатшысы Рүстембек Құрқұтовтың айтуынша, акция аясында, 1 сәуір мен 24 сәуір аралығында, браконьерлік және сирек кездесетін, жойылып кету қаупі төнген балық түрлерімен заңсыз айналысу фактілері бойынша 12 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушыларға жалпы сомасы 8,3 млн теңге айыппұл салынған.
«Заңсыз айналымнан 2 тонна 518,8 кг балық (оның ішінде 436 кг бекіре тұқымдас), 2 кг бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығы, 108 бірлік ау-құралдар және 5 бірлік су көлігі тәркіленді. Өзен арнасы мен теңіз акваториясын күнделікті сүзу барысында 291 бірлік заңсыз балық аулау құралдары судан шығарылды», – деді Р.Құрқұтов.