CaspianLife, 24 сәуір. Бұл туралы кеше Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Жиында газ саласын дамыту мәселесі қаралды.
Энергетика министрі Ерлан Аккенжанов өндіру көлемінің болжамы, инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік бастамалар мен цифрландыру шаралары туралы баяндама жасады.
«Сондай-ақ, ол ішкі нарықта сұйытылған мұнай газы тапшылығының артуы мәселесіне тоқталды. Әсіресе сұйытылған газға сұраныс шекара маңындағы өңірлерде артып отыр. Энергетика министрлігі ай сайын еліміздің өңірлеріне шамамен 130 мың тонна сұйытылған газ таратады. Алайда бұл көлем жеткіліксіз – қазіргі қажеттілік ұсыныстан 25-30 мың тоннаға артық, бұл шамамен 23%-ды құрайды. Сұйытылған газ бағасының төмен болуына байланысты елімізде көлік жүргізушілері осы отын түріне жаппай ауысуда, бұл өз кезегінде тұтынудың артуына әкеліп отыр. ІІМ деректері бойынша, 2024 жылы мұндай көлік саны 677 мыңға жеткен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға көп (2023 жылы – 582 мың)», – делінген ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.