CaspianLife, 11 сәуір. Соңғы күндері қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында, кейінірек әлеуметтік желілерде, блогтар мен мессенджерлерде қытайлық ғалымдар «болжаған» жойқын жер сілкінісі туралы ақпарат белсенді түрде таралуда.
Осыған байланысты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) ресми сайтында ҚР ТЖМ Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының (ҰСБЗҒО) ресми түсіндірмесі жарияланды.
Бұл мәлімдемелердің артында не жатыр?
1-факт.
Шынымен де, Чжу Хунбин басқаратын Бейжің жер сілкіністері агенттігінің ғалымдар тобы Қытайдың кейбір өңірлерінде магнитудасы 8-ден асатын жойқын жер сілкіністері әрбір 30–40 жыл сайын болып тұратын цикл бар болуы мүмкін деген болжам айтқан. Осы негізде қазір жаңа цикл басталуы мүмкін деген ғылыми гипотеза ұсынылған.
2-факт.
Зерттеу тек Қытай аумағына — Сычуань мен Юньнань провинциялары, Лунмэньшань жарылым аймағы мен Шығыс Гималайларға қатысты. Бұл өңірлер Қазақстаннан мыңдаған шақырым қашықтықта орналасқан және мүлдем басқа сейсмикалық белдеуге жатады. Аталған зерттеудің еліміздің аумағына ешқандай қатысы жоқ.
Таралған жалған ақпараттар жөнінде:
1-жалған ақпарат.
«Қытайлық ғалымдар 8 баллдан жоғары жер сілкінісін болжады»
Бұл — шындыққа жанаспайтын мәлімдеме. Зерттеу тек ғылыми-гипотетикалық сипатқа ие, нақты болжам емес. Ғалымдар белгілі бір жер сілкінісін дәл болжаған жоқ — олар тек бір геологиялық жарылым шегіндегі тарихи оқиғалар циклін талдаған. Бұл мәліметті бұрмалаған тақырыптар жалған әрі адастырады.
2-жалған ақпарат.
«Қытайдағы жойқын жер сілкінісі міндетті түрде Қазақстанға әсер етеді»
Бұл да шындыққа сәйкес келмейді. Зерттеуде көрсетілген аймақтар Қазақстан аумағынан тым алыс орналасқан, сондықтан тіпті ең қуатты жер сілкінісінің өзі елімізге әсер ете алмайды.
Қорытынды:
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығы азаматтарды сабыр сақтауға, үрейге бой алдырмауға және әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралатын ақпараттарға сын көзбен қарауға шақырады.