CaspianLife, 1 сәуір. Мемлекеттік орган анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріп, нысандардағы қызметті уақытша тоқтату туралы хаттама жасады.
Каспий құбыр консорциумының (КҚК) баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ресей Федерациясы Үкіметінің тапсырмасы бойынша 2025 жылғы 26 наурыздан бастап Федералды көлік қадағалау қызметі Азов-Қара теңіз бассейніндегі су көлігі инфрақұрылымы нысандарының қауіпсіздігін тексеруді бастады. Атап айтқанда, Новороссийск, Темрюк, Сочи, Туапсе және басқа да теңіз порттарында қауіпті жүктерді тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізетін ұйымдар тексерілуде.
Тексерулер 2024 жылғы 15 желтоқсанда Керчь бұғазында мұнай құю кемелері (танкер) апатқа ұшырап, мұнай өнімдерінің төгілуіне байланысты төтенше жағдайға байланысты ұйымдастырылды. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – теңіз су айдынын мұнай және мұнай өнімдерімен ластанудан қорғау талаптарын орындауды қамтамасыз ету.
2025 жылғы 27-31 наурыз аралығында «Каспий құбыр консорциумы – Р» акционерлік қоғамына қатысты сауда кеме қатынасы және ішкі су көлігі саласындағы федералдық мемлекеттік бақылау (қадағалау) шеңберінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша тиісті құжаттар алынды: тексеру актісі, анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама және КҚК-1 ВПУ мен КҚК-2 ВПУ нысандарындағы қызметті уақытша тоқтату туралы хаттама.
Сондай-ақ, Ресей теңіз кеме қатынасы регистрі тарапынан КҚК теңіз терминалының нысандарына жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша 2025 жылғы 31 наурыздан бастап КҚК-1 Шеткері айлақ құрылғысы (РС 010784) және КҚК-2 Шеткері айлақ құрылғысы (РС 010799) классы тоқтатылды. Заңнама талаптарына сәйкес, КҚК анықталған кемшіліктерді жойғанға дейін бұл құрылғыларды пайдалануын тоқтатты.
Осылайша, Консорциумның теңіз терминалындағы барлық тиеу операциялары 2014 жылы пайдалануға берілген Шеткері айлақ-3 құрылғысы арқылы жүзеге асырылады. КҚК акционерлері қадағалау органдарының нұсқамалары туралы хабардар етілді.
📷 (Сурет: КҚК сайты)