CaspianLife, 31 наурыз. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
«“Заң және Тәртіп” қағидатын іске асыру бойынша кеңес өткіздім. Кейбір өңірлерде (Ақтөбе, Атырау, Павлодар және т.б.) жасөспірімдер қылмысы өсіп келеді. Алдын алу шараларын күшейтіп, антибуллинг бағдарламаларының тиімділігін зерделеуді тапсырдым.
Қоғамдық орындардағы қауіпсіздікке назар аудардым. Қауіпті учаскелерді бейнебақылау камераларымен және жарықтандырумен жабдықтау қажет, патрульдеуді күшейту керек. Азаматтар өзін қорғалған сезінуі тиіс – сөз жүзінде емес, іс жүзінде. Жол-көлік оқиғаларының күрт өсуі алаңдатып отыр: бір жылда +67%, зардап шеккендер саны +79%. Әсіресе, Атырау, Қостанай, Ақтөбе, Жетісу облыстарында. Жол-көлік оқиғаларынан болған өлім-жітімнің 72%-ы тас жолдарда орын алуда. Жүргізушілердің еңбек тәртібін бақылап, балаларды тасымалдау ережелерін сақтау қажеттігін тапсырдым.
Халықаралық сарапшылардың қатысуымен Талғар мен Рудный қалаларында қауіпсіздікті талдау бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Өңірлердің криминологиялық паспорттарын әзірлеуді және уәкілетті органдармен бірлесіп, мектептерде заң мәдениетін ілгерілетуді үйлестіруді тапсырдым», – деп жазды Берік Асылов.
Сурет: Рахим Койлыбаев