CaspianLife, 20 наурыз. Атырау облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы (ҰҚҚКБ) жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында 24 жастағы азамат 50 АҚШ доллары көрсеткішіндегі жалған банкноттарды өткізу күдігімен ұсталды.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктіден тінту кезінде жалпы сомасы 8 750 АҚШ долларын құрайтын 175 жалған купюра тәркіленді.
«Тергеу барысында күдіктінің шетелден көлік айдап әкеліп, сатумен айналысқаны анықталды. Қазіргі уақытта жалған ақшаның қайдан алынғаны және оның таралу арналары анықталуда», – делінген хабарламада.
Күдіктіге қатысты шетел валютасын немесе шетел валютасындағы бағалы қағаздарды қолдан жасау, сақтау немесе өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.