Caspianlife, 7 наурыз. Бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Президент кеңесшісі – ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әуежайындағы кепілге алу оқиғасы туралы ақпарат алды. Президент қылмыскерді залалсыздандырған азаматтың батылдығы мен шапшаңдығын атап өтіп, оны мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды», – деп жазды ол.
Бүгін, 7 наурыз күні, Алматы халықаралық әуежайында шамамен 11:45-те ішкі рейстер терминалының (Т1) ұшу алдындағы тексеру аймағына жолаушы кейпінде ер адам кірген. Авиациялық қауіпсіздік қызметі одан құжаттарын көрсетуді сұрағанда, ол тексеруші қызметкерді шашынан тартып, пышақпен қорқыта бастаған.
ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «… құқық бұзушы полиция қызметкерлері, әуежайдың қауіпсіздік қызметі және шығарып салушы азаматтың көмегімен залалсыздандырылып, полиция бөлмесіне жеткізілді».
Тексеру барысында оның Алматы қаласының 67 жастағы тұрғыны екені анықталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде.