CaspianLife, 3 ақпан. Құжат Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің Әзербайжанға ресми сапары барысында қол қойылды.
Қазақстан Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бакуге ресми сапар аясында Олжас Бектеновті Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері жеткізілді.
Екі мемлекеттің басшылары арасындағы сенімді қарым-қатынастың арқасында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Әзербайжан Республикасының Премьер-Министрі Әли Асадовпен өткен үкіметаралық келіссөздерде сауда-экономикалық әріптестік, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.
2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 533 миллион АҚШ долларын құрады. Қазақстан Әзербайжанға 130 түрлі өңделген өнімді 340 миллион доллардан астам сомаға экспорттауға дайын екенін мәлімдеді. Көлік-логистика саласындағы әріптестікке ерекше көңіл бөлінді. Өткен жылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы жүк тасымалының көлемі 62%-ға артып, 4,5 миллион тоннаға жетті. Екі елдің темір жолдары арасында Digital Trade Corridor платформасының интеграциясы аяқталды. Тараптар екіжақты сауда айналымын одан әрі арттыруға күш салуға ниетті екенін растады.
«Кездесулер қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Солардың ішінде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін жобалау және салу туралы құжат бар. Бұл жоба Азия мен Еуропа арасындағы деректерді тасымалдау сапасы мен сенімділігін арттыру үшін стратегиялық маңызға ие», – деп хабарлады Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, келіссөздер барысында екі елдің мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастығы да талқыланды. Әзербайжан тарапы Қазақстанның Қарабақты қалпына келтіру үдерісіне қосқан үлесін жоғары бағалады.