CaspianLife, 27 ақпан. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әділ Жұбанов премьер-министр Олжас Бектеновтке мұнай өндіруші компаниялардың экологиялық міндеттемелерін орындауы туралы депутаттық сауал жолдады.
Ә. Жұбановтың айтуынша, Қазақстандағы ең ірі мұнай өндіруші компания – «Теңізшевройл» (ТШО) экологиялық реттеу әділдігі мен тиімділігі тұрғысынан үлкен сұрақтар тудырады. Депутаттың мәлімдеуінше, экологиялық құқықбұзушылық жасаған компания айыппұл төлегенімен, бұл қаражатты мемлекетке төленетін табыстан ұстап қалу арқылы өтеп, шын мәнінде қаржылық шығынға ұшырамайды.
«Нәтижесінде, мемлекеттік бюджетке қаражат толық түспейді, ал жазалау механизмі өз тежегіштік қызметін жоғалтады. Мұндай тәжірибе жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидасына күмән келтіріп, экологиялық жағдайдың одан әрі нашарлау қаупін тудырады. Бұл – ашық заңсыздық», – деп атап өтті Ә. Жұбанов.
Оның пікірінше, мұндай схемалардың алдын алу үшін қолданыстағы жүйені қайта қарау қажет. Бұл Қазақстанның мемлекеттік мүдделері мен табиғи ресурстарын нақты қорғауға мүмкіндік береді.