CaspianLife, 24 ақпан. Бұл туралы өткен жұма, 21 ақпанда, Жайық-Каспий аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясында өткен кеңесте мәлімделді.
Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) хабарлауынша, кеңес барысында 2021-2030 жылдарға арналған бағдарлама негізінде 2025 жылға қарай балық өсірудің көлемін арттыру мәселелері талқыланды. Кеңеске Жайық-Каспий аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары, Атырау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, Маңғыстау облысының балық шаруашылығы басқармасының, Батыс Қазақстан облысының (БҚО) табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшылары мен балық өсірумен айналысатын мекемелердің өкілдері қатысты.
Жайық-Каспий аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының (ЖКАББШИ) басшысы Нұрлыбек Ғайсынның айтуынша, кеңестің негізгі мақсаты – Атырау облысы, БҚО және Маңғыстау облыстары үшін белгіленген арнайы жоспардың орындалуын бақылау. Өткен жылдың көрсеткіші бойынша, БҚО жоспардың 60%-ын, Маңғыстау облысы – 42%-ын орындаған, ал Атырау облысында 370 тонна балық өсірілген.
«2025 жылы Атырау облысында өсірілетін балық көлемін 750 тоннаға, БҚО-да 1 055 тоннаға, Маңғыстау облысында 280 тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, балық шаруашылығының дамуына кедергі келтіретін мәселелерді шешу жолдарын қарастыруымыз қажет», – деді Н.Ғайсын.
Бүгінде Атырау облысында тауарлық балық өсірумен бес кәсіпорын айналысады. Олар – «Caspian Royal Fish» ЖШС, «Каспийский осетр Лимитед» ЖШС, «Тлекши» ЖШС, «Сагиева» ЖШС және «Байшуақ» ЖШС.
(Атырау облысы ӨКҚ ақпараты бойынша)