CaspianLife, 20 ақпан. «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ (МТҚ) алаяқтардың +870 кодынан қоңырау шалу жағдайлары туралы ескертеді.
МТҚ хабарламасында көрсетілгендей, +870 телефон коды теңізде, әуе кеңістігінде және шалғай өңірлерде байланыс үшін қолданылатын Inmarsat спутниктік байланысына тиесілі. Алайда алаяқтар бұл кодтарды өз мақсаттарына пайдаланып, қазақстандық нөмірлерге ұқсастырып, азаматтарды алдауға тырысады.
Сондай-ақ, алаяқтар төмендегі Inmarsat кодтарын қолдануы мүмкін:
📌 +870 – спутниктік желіге жалпы қолжетімділік (SNAC);
📌 +871 – Атлант мұхиты, шығыс бөлігі (AOR-E);
📌 +872 – Тынық мұхиты аймағы (POR);
📌 +873 – Үнді мұхиты (IOR);
📌 +874 – Атлант мұхиты, батыс бөлігі (AOR-W).
+870 телефон коды жалпы қолданыста және қоңыраудың қай спутник арқылы жасалғаны белгісіз болған кезде пайдаланылады. Алайда SNAC Inmarsat-A терминалдарына қоңырау шалуды қолдамайды.
«Белгісіз +870 кодынан және басқа ұқсас кодтардан келген нөмірлерге қайта қоңырау шалмаңыз. Жеке деректеріңізді, SMS кодтарын және банк картаңыздың мәліметтерін ешкімге хабарламаңыз. Егер сізден осы кодпен қоңырау шалған адам қандай да бір ақпарат талап етсе, бұл – алаяқтықтың айқын белгісі. Ешқашан жеке мәліметтеріңізді таратпаңыз. Барынша сақ болыңыз!», – деп ескертеді Мемлекеттік техникалық қызмет.