CaspianLife, 20 ақпан. «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов North Caspian Operating Company (NCOC) делегациясымен кезекті кездесу өткізіп, Қашаған кен орнындағы жобаларды жүзеге асырудың негізгі аспектілерін талқылады.
«QazaqGaz» ҰК» АҚ компаниялар тобының ресми Telegram-арнасының хабарлауынша, кездесу барысында QazaqGaz топ-менеджментіне NCOC-тың жаңа басшылары таныстырылды. Олардың қатарында стратегия және бизнес жөніндегі директор Франческа Лупо Стангеллини, жаңа әзірлемелер жөніндегі директор Мария Димос және коммерция жөніндегі директор Полина Щелкова бар. Санжар Жаркешов жаңа басшыларды қарсы алып, бірлескен жұмыстың жемісті болатынына сенім білдірді.
Тараптар қуаты 1 млрд м³ болатын газ өңдеу зауытының (ГӨЗ) құрылысының барысын талқылады. Санжар Жаркешов QazaqGaz компаниясы келісім-шарттық міндеттемелердің орындалуын тұрақты түрде бақылап отыратынын атап өтті. Сондай-ақ, ГӨЗ құрылысының бас мердігері жобаның белгіленген талаптарға толық сәйкес орындалып жатқанын айтты.
Бұдан бөлек, қуаты 2,5 млрд м³ болатын жаңа ГӨЗ құрылысына дайындық барысы қарастырылды. Кездесу барысында жоба мерзімдері мен атқарылған жұмыстардың ағымдағы жағдайына ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ, сұйытылған газ терминалын салу және оның орындалу мерзімдері талқыланды.
Консорциум өкілдері бекітілген кестені сақтауға бейілділігін білдіріп, екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. NCOC басшылығы жобаның қазіргі даму қарқынын жоғары бағалап, процестерді тиімді үйлестіргені үшін ұлттық компанияға ризашылығын білдірді.