CaspianLife, 18 ақпан. Кеше, 17 ақпанда, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы аумағындағы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің «Жомарт» кенішінде шахтада тау жынысы опырылды.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, опырылған аймақтың артында шахтаның жеті жұмысшысы қалып қойған. «АСС Серіктес» ЖШС-нің құтқару бөлімшелері апаттық-құтқару жұмыстарын бастады. Оқиға орнына Ұлытау облысы мен Қарағанды облысы ТЖД күштері мен құралдары, оның ішінде кинологиялық есептоптар, Төтенше жағдайлар медицинасы орталығының медициналық қызметкерлері және ҚР ТЖМ психологтары дереу жіберілді. Ұлытау облысы ТЖД және ТЖМ командалық орталығында жедел штабтар құрылды. Сонымен қатар, ТЖМ-де «жедел желі» телефоны іске қосылды. Байланыс нөмірі: 8 (7172) 55-96-21.
17-18 ақпан түнінде, шамамен сағат 03:30-да, ТЖМ баспасөз қызметі «…іздестіру-құтқару жұмыстары барысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің алты қызметкерінің денелері табылды. Олардың жеке басын анықтау жұмыстары жүргізілуде» деп хабарлады.
Үш сағаттан кейін, бүгін таңертең, «…іздестіру-құтқару жұмыстары барысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не тиесілі кеніштен жетінші қызметкердің денесі табылды. Оның жеке басы анықталуда. Барлық жеті жұмысшының денелері жер бетіне шығарылып, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды» деген ақпарат тарады.
Сонымен қатар, іздестіру-құтқару жұмыстары барысында ҚР ТЖМ Оперативтік штабында ашылған «жедел желіге» таңертеңгі деректер бойынша 23 қоңырау түскені атап өтілді.
Дереккөз: www.caspianlife.kz
(Сурет CaspianLife редакциясының мұрағатынан)