CaspianLife, 12 ақпан. «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) баспасөз қызметі 2024 жылғы өндірістік қызметінің қорытындысы бойынша мәліметтерді жариялады.
Компанияның баспасөз релизінде көрсетілгендей, 2024 жылы шикі мұнай өндіру көлемі 27,8 млн тонна (шамамен 220 млн баррель) құрады, ал сатылған сұйытылған газ көлемі 1,2 млн тоннадан асты. Сонымен қатар, ТШО өткен жылы 2,7 млн тонна күкірт өнімін өткізді. Сондай-ақ, компания өндірілген барлық құрғақ газды ішкі нарыққа жеткізгенін атап өтті.
2024 жылы ТШО өзінің Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында Атырау облысында денсаулық сақтау, білім беру сапасын арттыру және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған 15 жобаны іске асырды. Бұған қоса, Жылыой ауданында және Атырау облысында су тасқынымен күресу үшін 2 млрд теңге бөліп, 16 км ұзындықтағы (Алмалы жобасы) бөгет салуға қаражат жұмсады. Сонымен бірге, 4,5 тонна гуманитарлық көмек жиналып, ТШО қызметкерлерінің ерікті жарналары есебінен су деңгейі төмендегеннен кейін қалпына келтіру жұмыстарына қолдау көрсетілді.
«2024 жылы ТШО пайдаланған судың 48%-ын қайта өңдеп, су ресурстарын үнемдеу шараларын жалғастырды. Сонымен қатар, компания 54%-дан астам қалдықты қайта өңдеу арқылы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Жыл қорытындысы бойынша ТШО жергілікті жеткізушілерден 3 млрд АҚШ долларына жуық тауарлар мен қызметтер сатып алды. Жалпы, ТШО сатып алынған тауарлар мен қызметтердегі қазақстандық қамту деңгейі 70%-ға жуық», — делінген баспасөз хабарламасында.