Атырауда қаңғыбас ит аулада ойнап жүрген 6 жасар балаға шабуыл жасаған. Ата-анасы араша түскенімен, иесіз ит баланың басын тістеп үлгеріпті.
Рахима ОРДАҒАНОВА, қала тұрғыны:
— Жылаған даусын естіп, сыртқа атып шықтық. Балам қанша қарсылық көрсетсе де, әлі келмеген. Басының бірнеше жерін тікті, енді ем қабылдап жүрміз. Биліктегілер бір шара қолданса екен, мұндай жағдайдың қайталанғанын қаламаймын.
Ал қалалық ветеринария бөліміндегілер бұралқы иттерді жою жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатқандығын айтады. Барлығы үш бригада жұмыс істейді. Жыл басынан бері олар екі жарым мыңнан астам иесіз итті ұстаған.
Сатыбалды ОРАЗҒАЛИЕВ, қалалық ветеринария стансасының директоры:
– Кішкентай күшік кезінде қызығып асырайтын балалардың өзі. Өскеннен кейін босатып жібереді. Аш болған соң, ит қоғамдық орындарды аралайды. Балалар ойнайтын жерге, үлкен кісілер демалатын орындарға барып зиянын тигізіп жатады.
Балаға шабуыл жасалған шағын ауданға аңшылар бригадасы жіберілді. Бірақ біраз жылдан бері толықтай шешілмей келе жатқан мәселе осымен реттеледі деу тағы қиын.