Caspian Life, 3 ақпан. Авангард 2 ықшам ауданындағы 14, 18, 22 үйдің тұрғындары 1 аптадан бері кәріз суының иісіне тұншығып отыр. Бұған сол маңдағы кәріз сорғы станциясының бұзылуы себеп. Соның кесірінен лас су жертөлеге құйылған. Енді қолқаны қабар жағымсыз иіс бүкіл үйді жайлап тұр. Ал бірінші қабаттағы тұрғындар қабырғалардың сыз тартып, көктеп кеткенін айтады. Тіпті балалар да ауыра бастаған.
Людмила ДУРМАНОВА, қала тұрғыны
Мына лас су енді қайда кету керек? Осылай жертөлеге жіберіп отыра береміз бе? Бұдан ертең тұрғындар ауру болады. Онсызда ауырып жүрміз. Бар талабымыз жертөлені тазаласын, мәселені шешсін. Бұл ПИК-тің кінәсі емес. «Су Арнасы» тазаласын.
Тамара АКАНОВА, қала тұрғыны
Мына үй модернизациядан өткен. Ақшасын әлі төлеп отырмыз. Басында бәрі жақсы, таза еді, қазіргі уақытта үйдің тоз-тозы шықты. Көктеп кеткен. Барлық бөлме сондай. Ақтағаннан еш пайда жоқ.
Ал ПИК қызметкерлерінің «Атырау облысы Су арнасы» мекемесіне өкпелері қара қазандай. Өйткені «біз қызмет көрсететін 19 үйдің 15-інде осы проблема» дейді олар. Ал жауаптылар мәселенің шешімін сиырқұйымшақтатып жіберген.
Ал «Атырау облысы Су арнасының» мамандары жертөлені лас судан тазарту үшін арнайы техникалар жіберіп, көмектесетінін айтты.
Биыл Авангард ықшам ауданында санация жұмысы басталған еді. Қазіргі уақытта тоқтап тұр. Күн жылына жалғасуы тиіс. Салалық мекеме өкілдері осы жұмыс аяқталған соң мәселе түбегейлі шешім табарына сенімді.