CaspianLife, 27 қаңтар. Америка Құрама Штаттарындағы (АҚШ) Қазақстан Республикасының Елшілігі АҚШ аумағында жүрген Қазақстан азаматтарының назарын шекара қауіпсіздігін күшейтуге және заңсыз миграцияны қысқартуға бағытталған осы елдегі миграциялық саясаттың қатаңдатылуына аударды.
Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің сайтында жарияланған үндеуде айтылғандай, АҚШ билігінің қабылдап жатқан шаралары елге заңсыз келген шетелдіктерге (қолданыстағы визасы мен грин-картасы жоқ адамдар) және АҚШ аумағында жүрген заңсыз мигранттарға қатысты. Мәжбүрлі шаралармен қатар, мысалы, қамауға алу, елден шығару және АҚШ-қа қайта кіруге шектеу қою, әлеуметтік төлемдер, жұмыс істеуге рұқсат қағаздары және басқа да жеңілдіктер жойылатын болады.
«АҚШ билігі елде болуға заңды негізі жоқ (қолданыстағы визасы, тұрақты тұруға рұқсаты және басқа да құжаттары жоқ) шетел азаматтарына ел аумағынан өз еркімен шығу мүмкіндігін ұсынады. Бұл шара азаматтарға елден мәжбүрлі түрде шығарылу және АҚШ визасына қайта өтініш бергенде кіруге тыйым салыну сияқты салдарлардан құтылуға мүмкіндік береді», – деп Қазақстан Елшілігінің үндеуінде атап көрсетілген.
Үндеуде одан әрі мынадай мәселелер айтылады:
- «Мексикада қалу» саясаты қайта енгізілді – АҚШ пен Мексика шекарасын кесіп өтіп, АҚШ-та баспана сұрайтын мигранттар америкалық миграциялық соттар олардың ісін қарағанға дейін Мексика аумағында қалуға міндетті.
- «Ұста және босат» (catch and release) деп аталатын саясат тоқтатылды. Бұл АҚШ-қа заңсыз кірген мигранттардың ұсталғаннан кейін ел ішінде босатылып, сот ісі аяқталғанға дейін еркін жүру тәжірибесінің аяқталғанын білдіреді. Мұндай санаттағы мигранттар арнайы орталықтарда ұсталады, не бастапқы шыққан еліне қайтарылады, не үшінші елдерге (мысалы, «Мексикада қалу» бағдарламасы бойынша) жіберіледі.
- Шетел азаматтарының шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуына (parole) немесе кіруін жеңілдетуге арналған әдіс ретінде «CBP One» қосымшасын пайдалану тоқтатылды.
Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі миграциялық заңнама туралы ресми ақпаратты келесі ресурстардан үнемі қадағалап отыруды ұсынады:
- U.S. Citizenship and Immigration Services (USCIS);
- U.S. Department of State – Bureau of Consular Affairs.
Төтенше жағдайларда немесе консулдық-құқықтық көмек қажет болған жағдайда келесі байланыс нөмірлеріне хабарласу ұсынылады:
- Қазақстан Республикасының Елшілігі: +1 202 232 5488 ішкі 127, 109, 121;
- Нью-Йорктегі ҚР Бас консулдығы: +1 332 207 9632;
- Сан-Францискодағы ҚР Бас консулдығы: +1 650 741-8894.
Дереккөз: www.caspianlife.kz
Фото: Рахим Қойлыбаев