CaspianLife, 22 қаңтар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін «Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарының әлеуетін ашу қажет. Бұл жерлерде әуежай кешендері мен сапалы жол инфрақұрылымы тартылатын әуежайлар салу керек», – деп мәлімдеген болатын.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының ішкі туризм мен жолаушылар әуе тасымалын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы елде Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі (Маңғыстау облысы) курорттық аймақтарында үш жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Бұл жобаларды іске асыру аталған өңірлердің экономикасының дамуына серпін беріп, отандық және шетелдік туристер ағынын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, жаңа жобалар жергілікті тұрғындар үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
2024 жылдың қыркүйегінде Туризм индустриясы комитеті Маңғыстау облысында өңірдің туристік әлеуетін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, Кендірлі курорттық аймағында жылына 300 мың адамды қабылдай алатын туристік қалашық салынады. Қазіргі уақытта инженерлік инфрақұрылымның құрылысы басталған.
«Кендірлі теңіз жағалауының ерекшелігі – суға шомылу маусымының ұзақтығында. Сонымен қатар, оның географиялық орналасуы да аса маңызды. Өзінің бірегейлігінің арқасында туризмді дамытуға қолайлы аймақ саналады. Осыған орай Президент Кендірлі туристік аймағын құру жөнінде нақты тапсырма берді. Біз тиісті инфрақұрылыммен жабдықталған арнайы туристік қалашық салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Жаңаөзен қаласына түсетін негізгі жүктемені азайтуға оң әсер етеді», – деді Кендірлі ауылының әкімі Мекен Үйсенов.