Caspianlife, 14 қаңтар. Атырау қаласының прокуратурасы қайырымдылық ұйымдарының бірі арқылы діни араздықты насихаттайтын әдебиеттің таралуын тоқтатты.
Атырау облысы прокуратурасының мәліметінше, сарапшылардың қорытындысына сәйкес, бұл материалдар Қазақстан аумағында пайдалануға тыйым салынған. Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты қайырымдылық мекемесін ҚР ӘҚБтК-тің 453-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, оған 516 880 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.
Сонымен қатар, мекеме балаларды діни бағытта оқытып, пансионат ретінде қызмет көрсеткен, бірақ тиісті рұқсат құжаттары болмаған. Прокуратураның талап арызы негізінде 4 мекеменің мемлекеттік тіркеуі жойылып, барлық пансионаттар таратылды.