CaspianLife, 9 қаңтар. Бұл туралы Жайық-Каспий аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы (балық қорғау) хабарлады.
Инспекцияның ресми өкілі Олег Тушкановтың айтуынша, өткен жылы балық қорғау қызметкерлері Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының Жайық-Каспий бассейні су айдындарында браконьерлік пен балық қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтау жұмыстарын жүргізген.
Берілген мәліметке сәйкес, 2024 жылы қабылданған шаралар нәтижесінде балық қорғау қызметкерлері 2 237 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 141 өрескел бұзушылық белгілері бар хаттамалар сот қарауына жіберілген, ал 13 құқық бұзушыға қатысты 10 материал қылмыстық іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына тапсырылған.
Құқық бұзушыларға 29,2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, оның 25,4 миллионы мемлекеттік бюджетке өндірілді. Қалған төленбеген айыппұлдар бойынша материалдар сот орындаушыларына мәжбүрлі түрде өндіру үшін жіберілді. Балық ресурстарына келтірілген зиян үшін 29 құқық бұзушыға 6,8 миллион теңге көлемінде талаптар қойылды.
О.Тушкановтың айтуынша, өткен жылы инспекция қызметкерлері заңсыз айналымнан 4 тонна 638 кг балық (оның ішінде 383 кг бекіре тұқымдас балық), 2 807 бірлік аулау құралдары және 97 бірлік жүзу және көлік құралдарын тәркіледі.
Сондай-ақ, 2024 жылы инспекция мамандары жергілікті атқарушы органдармен (әкімдіктермен) бірлесіп, су тасқынының алдын алу және Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарындағы оқшауланған су айдындарында қалған балық шабақтарын құтқару бойынша ауқымды жұмыс жүргізгені хабарланды.
«Атырау облысында 104,5 миллион шабақ, ал Батыс Қазақстан облысында 26,3 миллион шабақ құтқарылды», — деп нақтылады инспекция өкілі.
2024 жылы балық қорғау қызметінің барлық жұмысы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының үйлестіруімен жүзеге асырылды.