CaspianLife, 29 желтоқсан. Кеше түнгі сағат 23:30 шамасында Ақтаудан Әзербайжанның 24 азаматының (оның ішінде экипаждың үш мүшесі бар) денелері Баку қаласына жөнелтілді.
Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Хабарламада осы күндер ішінде қаза тапқандардың денелерін тану бойынша мұқият жұмыс жүргізілгені, ДНҚ талдауы және туыстарының қатысуымен тиісті шаралар жүзеге асырылғаны атап өтілді.
25 желтоқсанда болған әуе апатынан 29 адам тірі қалды. Оларға сапалы медициналық көмек көрсетілді, оның ішінде Қазақстан Президентінің тапсырмасымен Астанадан келген білікті мамандардың көмегі де бар. Тірі қалған 14 Әзербайжан азаматы медициналық көмек алғаннан кейін өз отандарына қайтарылды.
«Маңғыстау облысының әкімдігі қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Жергілікті атқарушы органдар зардап шеккендер мен қаза тапқандардың туыстарына жан-жақты көмек көрсетуді жалғастырады», — делінген әкімдік баспасөз қызметінің хабарламасында.
(Сурет: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі)