Атырау облыстық аурухана жанындағы инфекциялық стационардағы орындар саны қысқарды. Себебі, мұндағы науқастар саны екі есеге азайған.
Ербол ЗЕЙНОЛЛАЕВ, Атырау облыстық ауруханасы директорының міндетін атқарушы:
– Ауруханада қазіргі кезде пневмониямен ауырып жатқан науқастардың саны азаюда. Қазіргі таңда 137 адам емделуде. Әрине, ауыр науқастарымыз көп. Бұрын ауруханада 400 төсек болса, қазір 200 кереует қалдырып, қалғанын енді жоспарлы науқастарды қабылдауға дайындап жатырмыз.
Қабылдау тамыз айынан бастап жүзеге асырылмақ. Емхана өкпені жасанды желдету аппаратының 18-імен және 40 шақты оттегі концентраторымен қамтылған. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек пен қорғаныш киімдерінің тапшылығы да реттелген көрінеді. Осыған көз жеткізу мақсатында қоғамдық бақылау тобы медициналық мекемені көріп қайтты.
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, Атырау облыстық қоғамдық бақылау тобының басты өкілі:
– Өкінішке орай, еріктілеріміз әлі оттегі баллондарын тасып жұмыс істеп жатыр. Бірақ өзіміз танысқандай, оттегімен қамтамасыз ететін жүйе қыркүйек айында іске қосылмақ.
Ақхалаттылар облыстық ауруханадағы жағдайдың едәуір тұрақталғанын айтады. Жаман айтпай – жақсы жоқ, алда екінші толқын шықса, оған да дайынбыз деп отыр.