CaspianLife, 17 желтоқсан. Қазақстанда бүгінгі күні 450 мыңнан астам жүк көлігі тіркелген, олар күн сайын бүкіл ел бойынша жүк тасымалдайды. Бұл көлік құралдары жол жабынының жағдайына айтарлықтай әсер етеді, әсіресе олардың салмақтық және өлшемдік сипаттамаларын ескергенде.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің сайтында жарияланған мақалада көрсетілгендей, көлік жүйесінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және автожолдарға артық жүктеменің алдын алу үшін ауыр салмақты көліктердің салмағы мен өлшемдеріне тиімді бақылау қажет.
Бұл міндеттерді шешу үшін 2025 жылға дейін 220 автоматтандырылған өлшеу станциясы (АӨС) орнату жоспарлануда. Станциялар тәулік бойы жұмыс істеп, автокөлік құралдарының салмағы мен өлшемдерін үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл көлік ағындарын тиімді қадағалауға, артық жүктемелердің алдын алуға және республикалық жолдардың қалыпты пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні елімізде 45 АӨС орнатылған, олардың:
— 25 станциясы «ҚазАвтоЖол» АҚ орнатқан;
— 7 – Астанада;
— 1 – Қостанай облысында;
— 12 – Үлкен Алматы айналма автожолында (ҮАААЖ).
«Бұл станциялар ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылап, салмақ-өлшедік нормалардың бұзылуын нақты уақыт режимінде тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыстың тиімділігін айтарлықтай арттырып, адам факторын азайтады», – деп атап өтілген жарияланымда.
Қазақстанда бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін «Сергек» қағидатын енгізу жоспарланып отыр. Ол автокөлік құралдарын қозғалыс барысында автоматты түрде өлшеу үшін қолданылады.