Атырауда коронавирус инфекциясын жұқтырған 243 ақхалатты мен пандемиядан көз жұмған төрт дәрігердің отбасына өтемақы төленуі мүмкін. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы айтты.
Бас дәрігердің сөзінше, қаражат Атырау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті берген қорытындыдан кейін ғана беріле бастайды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және ҚР Денсаулық сақтау министрліктерінің бірлескен бұйрығына сәйкес, эпидемиологиялық тексерістер жасалатын көрінеді. Оның қорытындысы арнайы комиссияның қарауына беріледі. Комиссия құрамында облыс әкімінің орынбасары, басқарма басшылары және қоғам белсенділері бар.
Нұрлыбек ҚАБДЫҚАПАРОВ, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Жұмыста жүріп инфекция жұқтырып алған медицина қызметкеріне 2 миллион теңге өтемақы төленеді. Ал жұмыс барысында жұқтырған індет салдарынан көз жұмған медицина қызметкерінің отбасына 10 миллион теңге өтемақы беріледі. Төленетін қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Және қаржы Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы төленеді. Әзірге Атырауда марқұм болған медицина қызметкерлері отбасына өтемақы төлеу басталған жоқ. Себебі, эпидемиологиялық тексеріс жүруде.