Спанбонд – ерекше қасиеттерге ие материал, ол түрлі салаларда кеңінен қолданылады. Медицинада спанбонд медициналық маскалар, халаттар, бір реттік жаялықтар және басқа да қорғаныс құралдарын өндіруде қолданылады. Ауыл шаруашылығында бұл материал өсімдіктерді үсік, зиянкестер және арамшөптерден қорғау үшін жабын материалы ретінде пайдаланылады. Құрылыс саласында ол гидрооқшаулау, дыбыс оқшаулау және шатыр жабындарының негізі ретінде қызмет етеді. Ал өнеркәсіптік және тұрмыстық тауарлар өндірісінде спанбондтан сөмкелер, қаптама, сүзгілер және басқа да бұйымдар жасалады.
Спанбондтың дәстүрлі материалдармен, мысалы, тоқыма немесе полиэтилен пленкалармен салыстырғанда бірнеше артықшылығы бар. Оның жеңілдігі және беріктігі басты ерекшеліктерінің бірі. Жеңіл бола тұра, материал өте төзімді және тозуға шыдамды. Сонымен қатар, спанбонд ауа өткізгіш, бұл медицина мен ауыл шаруашылығында ауа айналымын қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Ол суға және химиялық заттарға төзімді, бұл оны күрделі жағдайларда пайдалануға жарамды етеді. Оның экологиялық тазалығы материалды қайта өңдеуге мүмкіндік береді.
KPI компаниясы полипропиленнен өнімдер шығарып, полимерлік материалдарды қайта өңдейтін кәсіпорындарды жабдықтау мен жаңа технологияларды енгізуде белсенді көмектесуде. Компания тұрақты шикізат жеткізуді қамтамасыз етеді.
KPI компаниясының ішкі нарықтағы сату бөлімінің бас маманы Әсия Телеусованың айтуынша, KPI-дің іске қосылуы қайта өңдеу кәсіпорындарына өнім ассортиментін кеңейтуге және импорттық аналогтарды алмастыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, KPI логистикалық нысандар желісін дамыту жұмыстарын жалғастыруда. Желтоқсан айында Астана қаласында полипропиленнің екінші қоймасын ашу жоспарлануда.