CaspianLife, 6 желтоқсан. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында креативті жобаларын ұсынды.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жас ғалымдар тұрмыстық және өндірістік қалдықтарға екінші өмір сыйлап, оларды әдемі бұйымдар мен құрылыс материалдарына айналдыруда. Атыраулық жастардың басты мақсаты – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экоакциясында айтылған табиғатқа қамқорлық көрсету және экомәдениетті қалыптастыру бастамаларын қолдау, сондай-ақ елдегі экологиялық мәселелерді шешуге арналған креативті идеялар ұсыну.
«Біз шыны қалдықтарын пайдалана отырып, эпоксид шайырынан бұйымдар жасаймыз. Бұл жобада біз тек ластанудың алдын алып қоймай, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға жақсы жағдай жасай алатынымызға көз жеткіздік. Болашақта өз бұйымдарымызды жергілікті нарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл идея университет тарапынан стартап жоба ретінде қаржыландырылды», – деп атап өтті жобаның авторларының бірі, студент Ақмарал Сағынғалиева.
Экология кафедрасының студенттері БАҚ өкілдеріне «Күкірт қалдықтарынан бетон алу», «Темекі қалдықтарын пайдалана отырып, тас төсеніш құю және әйнек ұнтағынан тұрмысқа қажетті бұйымдар мен әшекей өндіру», «Биопластик өндіру» және «Шыны қалдықтарын пайдаланып, эпоксид шайырынан бұйымдар жасау» сияқты төрт жобаны таныстырды.
«Қазіргі уақытта ешкім темекі тұқылдарын өңдемейді. Біз оларды жинап, құрылыс материалдарын жасау үшін пайдаланамыз. Ол үшін бізге тек темекі тұқылдары, шыны сынықтары және құм қажет. Ең жақсы нәтижеге жету үшін біз әртүрлі жерлерден құм жинаймыз. Темекі тұқылдарында радиоактивті улы химиялық заттар бар, оларды қайта өңдеу арқылы экологияны жақсартуға аз да болса үлес қосамыз», – деді жобаның авторы Мұрабек Сабидолла.
Жалпыұлттық акцияны қолдау мақсатында Атырау университеті биылғы жылы дәстүрлі түрде әр бейсенбі сайын университет аумағын таза ұстау үшін «Таза бейсенбі» акциясын өткізуде. Көктемгі және күзгі маусымдарда студенттер Жайық өзенінің жағалауынан, оқу ғимараттары мен жатақханалардың айналасынан үш тоннадан астам қоқыс жинады. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
(Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша)