Ақтауда ақылы жағажайда қаумалаған жұрт арқа-жарқа суға шомылып, мәре-сәре болып жүр. Мұнда арақашықтықты сақтау, бетперде тағу талаптары мүлдем сақталмаған. Ал жағажайдың кіреберісінде қызметтердің түрі мен бағасы тайға таңба басқандай жазылған. Мұнда демалушыларға күні бойы қызмет көрсетіледі.
Ақылы жерге кіруге бәрінің қалтасы көтере бермейді. Ал тегін жағажайлардың аумағы қоршалып, уақытша жабылғаны белгілі. Блок-бекеттер қойылып, сақшылар күні бойы күзетіп, теңізге келушілерді өткізбейді. Бұған тұрғындардың көбі наразы.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай, блокпосттар қойылған. Полицейлер ішке кіргізбей жатыр. Себебі, карантиннің күшейтілуіне байланысты тыйым салыпты. Бірақ бір түсінбейтініміз, неге ақылы жағажайлар ашық та, ақысыз жерлерді жауып тастаған? Мүлде түсініксіз, – дейді тұрғындар.
Жергілікті бас санитардың қаулысына сәйкес, жағалаудағы 5 аумаққа кіруге тыйым салынды. Бірақ, билік өкілдерінің айтуынша, бұл талаптардың жекеменшік жағажайларға мүлдем қатысы жоқ екен.
– Жағажай жұмысы уақытша тоқтатылды. Қаулыда белгіленген аумақта жүріп-тұруға кедергі жоқ. Үш адам немесе бір отбасы еркін демалса да болады. Ал жекеменшік жағажай мен демалыс базасы жұмысын жалғастыра береді. Барлық санитарлық ереже сақталып, қадағалануы тиіс. Ақылы демалыс орындарының қызметіне қатысты қаланың бас санитарына хабарластық. Оның сөзінше, жекеменшік жағажайлардың жұмысына рұқсат берілген. Бірақ кәсіп иелері санитарлық талаптарды сақтауы тиіс деді. Олай болмаған жағдайда айыппұл салынатынын ескертеді, – деген уәж айтады Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік ГУСМАН.