CaspianLife, 15 қараша. 2024 жылғы 24 қазан мен 13 қараша аралығында Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының мамандары Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауынан 1 034 итбалықтың мүрдесін тапты.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мониторинг жүргізу және ғылыми ұйымдармен, атап айтқанда Гидробиология және экология институты, Итбалықтарды зерттеу және оңалту орталығы, сондай-ақ Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен жұмыс барысында өлген жануарлардың тіндері зерттеулер жүргізу үшін ішінара алынған.
«Балық шаруашылығы комитеті табиғи құбылыстар, соның ішінде су астындағы жер сілкіністері салдарынан табиғи газдардың шығарындылары себеп болуы мүмкін деп болжайды. Итбалықтардың қырылу себептері туралы түпкілікті тұжырымдар ғылыми ұйымдардың мәліметтері бойынша 3-4 айға созылатын зертханалық зерттеулер аяқталғаннан кейін белгілі болады», — делінген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Балық инспекциясы итбалықтардың өлу себептерін анықтау мақсатында аумақтық сулардың акваториясында тұрақты мониторинг жүргізуді жалғастыруда.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қызметкерлері де патологиялық материалдың сынамаларын алып, қазіргі уақытта Астанадағы Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықта жұқпалы аурулардың бар-жоғына зерттеу жүргізілуде. 13 қарашадағы жағдай бойынша пастереллез, құс тұмауы, жыртқыш оба, сальмонеллез және листериозға ПТР әдісімен зерттелген барлық сынамалар теріс нәтиже көрсетті. Каспий теңізінің жағалауында мониторинг жалғасуда.
«Айта кету керек, Каспий теңізінде итбалықтардың жаппай қырылу жағдайлары 2000 жылдардың басынан бері тіркеліп келеді. Атап айтқанда, 2000 жылы 10 000-ға жуық итбалықтың қырылуы анықталып, олардың өлімінің себебі созылмалы токсикоз екені белгілі болған», — деп еске салады министрлік.