CaspianLife, 14 қараша. 2024 жылдың басынан бастап республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 3 трлн. 118,2 млрд. теңге бөлінген, оның ішінде базалық зейнетақыға – 982,2 млрд. теңге, ал базалық зейнетақыға – 2 трлн. 136 млрд. теңге бағытталған.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн. 421 мың адамды құрады. 2024 жылғы 1 қарашадағы орташа зейнетақы мөлшері 131 730 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 89 122 теңге, базалық зейнетақы – 42 608 теңге.
Министрлік еске салғандай, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы әрбір алушыға жеке түрде тағайындалады, ол адамның зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген еңбек өтілі, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер кіреді.
«Егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан аз болса, немесе мүлде болмаған жағдайда базалық зейнетақының мөлшері тіршілік деңгейінің 65%-ын құрайды. Ал 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер қатысу өтілі 20 жыл болса, базалық зейнетақы тіршілік деңгейінің 85%-ын құрайды. 30 және одан көп жылдық өтілі барларда базалық зейнетақы ең жоғарғы мөлшерде, яғни тіршілік деңгейінің 105%-ын құрайды. Егер бір ай ішінде Біріккен жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет МЗЖ аударылған болса, онда зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңі бір ай деп есептеледі. Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары тұрақты түрде және толық көлемде төленсе, зейнеткерлік жасқа жеткенде базалық зейнетақы төлемі де жоғары болады», — деп түсіндірді еңбек министрлігі.
Сондай-ақ, зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша еңбек өтіліне (кемінде 6 ай болуы тиіс) және зейнетке дейінгі орташа айлық табысқа байланысты екенін атап өтті.