CaspianLife, 13 қараша. Бүгін Белград қаласында (Сербия) екі елдің үкімет өкілдері мен мүдделі іскер топтарының қатысуымен Қазақстан-Серб бизнес-форумының отырысы өтті.
Іс-шара Қазақстан қазақстандық және сербиялық компаниялар арасында тікелей байланыс орнату және сауда қатынастарын жандандыру мақсатында ұйымдастырылды.
ШОБ қолдау тақырыбындағы бизнес-диалог аясында «Даму» Қорының Басқарушы директоры Нұрбол Жаңабеков Қазақстандағы микро, шағын және орта кәсіпкерлікке көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып, мемлекеттік қолдаудың стратегиялық мақсаты 2030 жылға қарай елдің ЖІӨ-дегі ШОБ үлесін 40%-ға дейін ұлғайту екенін атап өтті. Форумға қатысушылар кепілдік беру, субсидиялау және жеңілдікпен қаржыландыру құралдарының көмегімен «Даму» Қоры арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелерімен танысты.
Бизнес-форум соңында Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен Сербияның сауда-өнеркәсіп палатасы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.