CaspianLife, 12 қараша. Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары 22 қазаннан бастап Жайық өзенінде полиция қызметкерлеріне көмек көрсету мақсатында іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Атырау қаласының тұрғыны, 2001 жылы туылған Яна Легкодимованың жоғалғаны туралы алғашқы ресми ақпарат 21 қазан күні жарияланды. Ол күні ТЖД баспасөз қызметі Яна 18 қазан күні сағат 22:00 шамасында үйінен шығып, сол күйі қайта оралмағанын хабарлады. Екі күннен кейін, 23 қазанда, полиция департаментінің баспасөз қызметі қыздың жоғалуы фактісі бойынша күдіктілердің ұсталғанын мәлімдеді. 24 және 25 жастағы екі ер адам мойындау түсініктемелерін берген. Полицияның айтуынша, қыздың денесі Жайық өзеніне қала сыртында тасталған, және Яна Легкодимованың жоғалуы бойынша «Адам ұрлау» және «Кісі өлтіру» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.
ТЖД қызметкерлері 22 қазаннан бастап полиция көрсеткен (құқық қорғаушылардың болжамды) қылмыс орнында өзендегі іздестіру жұмыстарын бастады. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Өткен аптада, 8 қарашада, ТЖД құтқарушылары полицияның нұсқауымен көрсетілген орында суға түсу жұмыстарын жүргізіп, қазіргі уақытта өзен түбін тазалау, беткі қабатын және өзен жағалауларын тексеру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, іздеу аймағы өзен ағысының бойымен кеңейтілді. 10 қарашада, Атырау облысы ТЖД ресми Telegram арнасында іздестіру жұмыстарының орын алған жерінен видео жарияланды.