CaspianLife, 29 қазан. Бүгін облыс әкімі Серік Шапкеновтің Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкичпен кездесуі өтті.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, кездесуде тараптар мұнайлы өңірге инвестициялар тарту мәселелерін талқылады. Алешка Симкич Серік Шапкеновке жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, екіжақты ынтымақтастық және бірлескен жобалар туралы пікір алмасты.
— Мен Атырау облысына ресми сапармен алғаш рет келіп отырмын. Осы кездесу біздің ынтымақтастығымызға жаңа серпін беретіндігіне үміттенемін. Бүгінгі күні Еуропалық Одақтың (ЕО) 90% тауар айналымы мұнай-газ секторымен қамтамасыз етілуде. Сауда-экономикалық қатынастарды дамытуда транспорт саласына назар аударудың қажеттілігі бар деп есептеймін. Сонымен қатар, біз теңіз портының мүмкіндіктері туралы білгіміз келеді, себебі осы бағытта біз арнайы жоба жүзеге асырып жатырмыз, — деді А. Симкич.
Серік Шапкенов Атырау облысы мен Еуропалық Одақ арасында кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастықтың дамып келе жатқанын атап өтті. ЕО еліміздің экономикасында ірі инвестор екенін және одан әрі қарым-қатынастарды дамыту үшін бірлескен жұмыс қажеттілігін ерекше атап өтті.
— Біздің көпқырлы ынтымақтастығымызды одан әрі дамыту үшін көп мүмкіндіктер бар. Атырау облысының географиялық орналасуы сауда-экономикалық, мұнай-газ және транспорт-логистика салаларын дамытуға, тиісінше, ЕО-мен өзара тиімді кооперацияны кеңейтуге ықпал етеді. Облыстағы инвестициялық тұрақтылықтың куәсі ретінде 259 еуропалық кәсіпкердің қызметін атап өтуге болады. Сондықтан біз екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді, ЕО-дан инвестициялар тартуды үміт етеміз, — деді С. Шапкенов.
Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың сегіз айында Атырау облысының Еуропалық Одақпен сыртқы тауар айналымы 15,7 миллиард АҚШ долларын құрады. Экспорт — 15,4 миллиард доллар, импорт — 300 миллион доллар.