CaspianLife, 24 қазан. Бұл туралы Атырауда вице-министр Сатжан Аблалиевтің жоғары сынып оқушыларымен кездесуі барысында айтылды.
Қазақстан Республикасы көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, «ҚазжолҒЗИ» ұйымдастырған «Инновациялар мен кадрлар: Батыс Қазақстандағы жол инфрақұрылымының дамуының көрінісі» тақырыбындағы семинар аясында вице-министр Сәтжан Аблалиев Атырау қаласының жоғары сынып оқушыларымен кездесті. Семинар жол құрылысына жаңа технологияларды енгізуге арналды.
Кездесу барысында вице-министр 2024 жылдан 2030 жылға дейін елімізде ұзындығы 4,7 мың километр болатын жаңа жол құрылысы жобаларын кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланып отырғанын айтты. Инфрақұрылымдық жұмыстардың кеңеюіне байланысты жыл сайын автомобиль жолдары саласында білікті мамандарға сұраныс арта беретін болады. Сондықтан биыл «Көлік құрылысы» білім беру бағдарламасы ашылып, оған шамамен 1 мың грант бөлінді. Бұл оқушылар үшін грантпен осы мамандыққа түсу, өз ісінің кәсіби маманы болып, ел дамуына елеулі үлес қосу үшін тамаша мүмкіндік.
«Кездесу барысында «ҚазжолҒЗИ» президенті Арман Алибаев Атырау мұнай және газ университетінде «көлік құрылысы» мамандығын ашу жоспарланғанын атап өтті», — деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Кадр тапшылығын шешу мақсатында «ҚазжолҒЗИ» жол саласы мамандарының цифрлық банкін — Jolshy құрды. Бұл деректер базасы студенттерден бастап сала ардагерлеріне дейін барлық деңгейдегі мамандар туралы ақпаратты қамтитын болады. Базада біліктілік, жұмыс тәжірибесі және сертификаттар туралы мәліметтер көрсетіледі. Жұмыс берушілер кәсіби дағдыларына сәйкес кадрларды таңдау мүмкіндігіне ие болады.