CaspianLife, 8 қазан. Маңғыстау облысында бөдене жұмыртқасын өндірумен айналысатын кәсіпкердің тауарын сауда сөресіне орналастырудан негізсіз бас тартқан ірі сауда желісіне қатысты іс өңірдің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті хабарлағандай, сот гипермаркет иесінің ісін заңсыз деп танып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 201 бабы бойынша жауапкершілікке тартып, 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде айыппұл салды.
Жергілікті кәсіпкер жылдың басында гипермаркетке ұсыныс жолдаған, бірақ негізсіз бас тарту алған. Оның шағымы негізінде Маңғыстау облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізді, нәтижесінде құқықбұзушылық туралы хаттама жасалды. Гипермаркет әкімшілігі шешімді Ақтау қалалық сотына шағымданды, бірақ сот бастапқыда сауда желісінің шағымын қанағаттандырды. Алайда, Ақтау қаласының прокуроры аппеляция беріп, сауда желісі келісімшартты жасасу процесін әдейі созып жатқанын мәлімдеді. Өткен аптада, 1 қазан күні облыстық сот гипермаркеттің әрекетін заңсыз деп таныды.
«Аймақтық сауда департаментінің басшысы Рауан Мұханов жергілікті өндірушілерді қолдаудың маңызды екенін атап өтті. Себебі, өңірдің 85% азық-түлігі сырттан келеді. Сонымен қатар, сауда желілерінде жергілікті өнімдердің 30%-дан кем емес сөреге орналастырылуы керек екенін ескертті», — делінген хабарламада.