CaspianLife, 4 қазан. Қызылқоға ауданының 80 жылдығына орай ауылдық Ғ.Сланов атындағы мектептің оқушыларына осындай сыйлықты «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының еншілес компаниясы «Ембімұнайгаз» АҚ тарту етті.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты шараға қатысқан «Ембімұнайгаз» (ЕМГ) геология және өндіру жөніндегі бас директорының орынбасары Асқар Мұнара аудан әкіміне компания атынан құттықтау хат пен микроавтобустың кілтін табыстады.
«Ембімұнайгаз» АҚ әлеуметтік жауапкершілік принциптеріне адалдығын көптеген жылдар бойы игі істерімен дәлелдеп келеді. Атап айтқанда, компанияның қаржылық қолдауымен Қызылқоға ауданында бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандар салынды. Жаңа микроавтобус жыл сайын пәндік олимпиадалар мен спорттық жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген Ғ.Сланов атындағы орта мектеп оқушылары үшін маңызды сыйлық болды.
«Жалпы, Атырау облысы бойынша 2019-2024 жылдар аралығында ЕМГ жер қойнауын пайдалану келісімшарттары аясында әлеуметтік нысандар құрылысына 3 миллиардтан астам теңге көлемінде қаржылық үлес қосты», — деп атап өтілді «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметінің хабарламасында.