CaspianLife, 6 қыркүйек. «V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына» байланысты өңірде қоғамдық орындар мен көшелерде тәртіп сақтауға бағытталған жедел- профилактикалық іс-шараның 2-ші кезеңі өткізілуде.
Бұл туралы Атырау облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Әсет Сағынтаев баспасөз мәслихатында мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
— Құқықтық шараның 3-ші күні 72 қылмыстық іс тіркелді. Оның 62-сі дер кезінде ашылып, тиісті шаралары алынды. Сонымен қатар Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында қаруды заңсыз сақтаудың 2 фактісі анықталды. Сәйкесінше, арнайы сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.Облыста есепте тұрған 546 адам тексеріліп, олардан 18-ге жуық әр түрлі құқық бұзушылық белгілері байқалды. Оның 7-і ерекше талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деді ол.
Іс-шараға ішкі істер органдарының 686 қызметкері, ұлттық ұланның 125 әскери қызметшісі жұмылдырылды. Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары мен ювеналды полиция қызметкерлері есепте тұрғандарды тексеріп, отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алуда.