CaspianLife, 30 тамыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласының 125 жылдығына арналған салтанатты жиында Теңізшевройл (ТШО) бас директоры Кевин Лайонды ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Президенттің айтуынша, мұнай-газ саласы ел экономикасында ерекше рөл атқарып, Қазақстанның жаһандық экономикаға енуіне және ірі инвестициялар тартуға мүмкіндік берді. Кевин Лайонның марапатталуы ТШО-ның Қазақстанның экономикалық дамуына қосқан үлесін және халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді.
– Бәріңізге мәлім, қазақ мұнайы ғасырлар тоғысында алғаш рет Атырау аймағынан алынды. Содан бері бұл сала ел экономикасында айрықша рөл атқарып келеді. Халқымыз да мұнайды «қара алтын» деп атайды. Дүние жүзінің өркендеу жолы энергетика ресурстарымен тығыз байланысты болды. Ғылым мен технологияның дамуына қуат көздері ерекше ықпал етті. Осы үрдіске қазақ жеріндегі қара алтын өндірісі де мол үлес қосқаны сөзсіз. Chevron, ExxonMobil, CNPC, Eni, Shell, ЛУКОЙЛ, Total және Sinopeс сияқты жетекші әлемдік мұнай-газ корпорациялары елімізде аталған саланы дамытуға ерекше ықпал етіп отыр. Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарын игеру, Каспий құбыр желісі консорциумы жобасын іске асыру – мемлекет пен инвесторлар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі,– деді Мемлекет басшысы.