CaspianLife, 29 тамыз. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құрманғазы ауданының тұрғындарымен кездесу барысында хабарлады. Кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен даму перспективалары талқыланды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу басында Серік Шәпкенов ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Құрманғазы ауданындағы ең өзекті мәселелердің бірі – тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі болып отыр.
– Мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындауға ерекше назар аударады. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту – біздің басты міндетіміз. Биыл Құрманғазы ауданында әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға арналған 85 пәтер сатып алу жоспарланған, оның 10-ына аудан тұрғындары қоныстанды (төрт отбасы Құрманғазы ауылынан, төрт отбасы Жұмекен ауылынан, екі отбасы Теңіз ауылынан). Қалған 75 пәтер жыл соңына дейін сатып алынады, бұған қоса, осы жылдың соңына дейін апатты үйлерде тұратын тағы 32 тұрғын жаңа баспанаға көшеді, – деді С. Шәпкенов.
Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында осы жылдың соңына дейін Азғыр, Батырбек, Жалғызапан, Қоңыртерек, Афанасьев, Жасталап ауылдарында медициналық пункттер, Арна және Кудряшов ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер пайдалануға беріледі.
Аудан тұрғындары Азғыр ауылдық округіне дейінгі жол құрылысы мәселесін көтерді.
– Бұл мәселені Азғыр ауылына жұмыс сапары барысында зерттедім. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізілуде. Топырақтың күрделі жағдайына байланысты, сондай-ақ құмды топырақ асфальт төсеуге жарамсыз болғандықтан, бұл мәселені шешу үшін көбірек уақыт қажет. Осы мақсатта ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарын шақырдық, олар өз нұсқаларын ұсынатын болады. Бұл жолдың құрылысы басымдыққа ие, өйткені Азғыр – шекара маңы аймағы, және мұндағы сапалы көлік инфрақұрылымы өте маңызды, – деп атап өтті өңір басшысы.
Құрманғазылықтар медицина, инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы мәселелерін де көтерді. Серік Шәпкенов ауыл тұрғындарын кездесуде айтылған барлық мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Кейін ол азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, жауапты мамандармен бірге түсініктемелер берді.
Құрманғазы ауданы тұрғындарымен кездесуді облыс әкімі Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі аудан әкімдігінің ресми парақшаларында тікелей эфирде көрсетті.