CaspianLife, 6 тамыз. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Оның айтуынша, Бас прокуратура сот төрелігінен жасырынған адамдарды іздестіру барысына қадағалауды күшейтті. Прокурорлар ағымдағы жылы халық көп шоғырланатын жерлерде бейнебақылау камераларына өздері мониторинг жасау арқылы 53 қашқынды танып, ұстау шараларын қабылдады.
«Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап Алматы мен Атыраудағы бейнебақылау камераларына қашқын қылмыскерлерді, борышкерлерді және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды автоматты түрде тануға арналған жасанды интеллект (ЖИ) элементтері бар IT-әзірлемемізді қостық. Екі күннің ішінде тергеуден жасырынған екі адам және хабар-ошарсыз кеткен тағы екі адам анықталды», — деп жазды Берік Асылов.
Сондай-ақ, Бас прокурор жасанды интеллекттің (ЖИ) көмегімен тіпті адамның жасы мен сырт келбеті өзгерсе де, бейнебақылау камералары арқылы оларды табуға болатынын, бұл іздеу жұмыстарын айтарлықтай күшейтетінін түсіндірді. Прокурорларға жүйені барлық өңірлерде енгізу тапсырылды. Қазіргі уақытта 9 мыңнан астам адам іздеуде, оның ішінде 2,2 мың қылмыскер және 2 мың хабар-ошарсыз кеткен адам бар екенін нақтылады.