Соңғы кезде Маңғыстауда өлім-жітім жиіледі. Мысалы, бір ғана «Бердібек әулие» зиратында айға жуық уақытта 230 мәйіт жер қойнына тапсырылған. Жерленгендердің дені – қауіпті вирустан көз жұмғандар.
– Қайтыс боп жатқан адамдардың көбі – Мұнайлы ауданы мен Ақтау және Жаңаөзен қалаларынан. Біразы – індетпен кеткендер. Оның ішінде жастар да бар, – дейді «Бердібек әулие» қорымының шырақшысы Жамбыл Нұрбаев.
Індеттен қайтыс болғандар туралы нақты ақпар беретін уәкілетті орган көрінбеді. Ал шырақшының сөзіне сенсек, өткен демалыста жерленгендердің саны едәуір азайған.
Ал шаhардан 20 шақырым жерде орналасқан христиандар қабірінде індеттің кесірінен қайтыс болғандардың саны 60-қа жеткен. Көр қазушылардың айтуынша, өлім саны күрт көбейіп кеткен жағдайда үлгермей қалу қаупі болғандықтан қабірді алдын ала қазып қою әдетке айналған-мыс.
– 3-шілдеден бастап жағдай қиындай түсті. Күніне жеті, сегіз тұрғын маған жолығып, мәйітті жерлеуге орын сұрады. Одан кейін күрт көбейе түсті. Тәулігіне 10 адамнан келетін болды. Неге екендігі белгісіз, бұл індеттен көз жұмғандардың саны артып отыр. Бірақ, бір байқағаным, алдыңғы аптаның соңында жағдай тұрақтала бастаған сияқты. Себебі, аурудан бақилық болғандардың қатары төмендеді. Мысалы, 18-шілдеде тек 2 адам ғана жерленді, – деді ритуалды қызмет көрсету орталығының директоры Наталья Серова.