CaspianLife, 28 мамыр — Halyk Bank қызметкерлері Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету штабында жұмыс істеп жатыр.
Биыл көктемде Қазақстанда 80 жылда болмаған табиғи апат болды. Жаппай су тасқыны еліміздің 10-нан аса облысы тұрғындарының өмірін күрт өзгертті. Халық бар мүлкінен айырылды. Мұндай төтенше жағдайда бүкіл Қазақстан халқының көмегі мен ұйымшылдығы қажет.
Атап өтсек, «Халық» қайырымдылық қоры мен еліміздегі ең ірі Halyk банкі облыс әкімдіктерінің жедел штабтарына жан-жақты қаржылық қолдау көрсете отырып, апатқа қарсы күреске белсенді қатысып жатыр. Жалпы алғанда, зардап шеккендерге көмек ретінде олар қызметкерлердің бір күндік жалақысын қосқанда 1 млрд 445 млн теңге бөлді.
Атырау облысындағы Құлсары қаласының тұрғындары су тасқыны салдарынан зардап шеккені туралы хабар келгенде «Халық» қоры тұрғындарға атаулы көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Өтемақылардың жалпы сомасы 30 млрд теңгеге жетті. 21 мамырдан бастап Halyk Bank қала тұрғындарына өз тұрғын үйлерін қалпына келтіру үшін төлемдерді бастады.
— Банк қызметкерлері тұрғындар атаулы көмекті тезірек алуы үшін бар күшін салып жатыр. Қолма-қол ақшаны аудару оңай сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ расында бұл көзге көрінбейтін зор жұмыс. 13-мамырдан бастап біздің қызметкерлер су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың құжаттарын жинау бойынша операциялық штабта ауысым бойынша жұмыс істейді. Бөлімшеде барлығы 13 адам бар, халықпен үздіксіз жұмыс істеуді қамтамасыз ету үшін бір ауысымда 2-3 адамнан шығамыз. Тұрғындарға кеңес береміз, өтемақыларды есептеу үшін арнайы шоттар ашамыз, әкімдікке ұсыну үшін шоттың 20 таңбалы нөмірі туралы хабарлама береміз. Көп адам келіп жатыр. Әрине, біз бей-жай қарап отыра алмаймыз. Мұндай кездерде сіз шаршау туралы ойламайсыз, жұмыс тоқтаусыз жүреді. Мен тұрғындарға мүмкіндігінше тезірек ақша алуға, оларды осы қиын уақытта қолдауға көмектескім келеді. Осыған жауап ретінде тұрғындардан шын жүректен алғыс естіген кезде, бұл біз үшін ең басты жетістік, -дейді Құлсары қаласындағы №1 Банк қызметін көрсету орталығының басшысы Ақмарал Нұрғалиева.
Сондай-ақ, Halyk Bank қызметкері «Халық» қорынан атаулы көмекті қалай алуға болатыны туралы айтып берді.
Ол үшін материалдық залал шеккендер шығынды өтеу туралы өтінішпен жергілікті атқарушы органға жүгінуі керек. Ал жергілікті атқарушы орган келтірілген залалдың мөлшерін бағалау жұмысын ұйымдастырады. Бағалау жұмысының қорытындысын алғаннан кейін бағалау сомасымен келіскен жағдайда жәбірленушіге Halyk Bank-те (ол болмаған жағдайда) арнайы шот ашылады және жергілікті атқарушы органға қаражатты есепке алу үшін қажетті құжат ұсынылады. Қажетті құжатты алған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде банк бағалау сомасына сәйкес ақшалай қаражатты зардап шеккен адамның арнайы шотына аударады.