18 мамыр.
Құрметті Әріптестер!
Үш жылға жуық уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев маған Маңғыстау облысын басқаруды тапсырды, осы үлкен сенімі үшін Президентімізге рахмет айтамын. Маңғыстаудағы қызметім барысында әрдайым Президентіміздің қолдауына ие болып, білімімді, кәсіби, өмірлік тәжірибелерімді, біліктілігімді өңірдің дамуына жұмсадым.
Менің барлық жұмысым Маңғыстаулықтардың көз алдарында болды, тұрғындармен түрлі мәселелермен жиі жүздестік, келісіп отырып қажет шешімдерді қабылдадық. Атап айтқанда, өндіріс орындарын, шаруашылықтарды, тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету, МАЭК-тің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, инженерлік желілерді жаңарту, негізсіз бөлінген жер телімдерін қайтару және заңсыз құрылыстармен күресу бағытында, т.т. ауқымды жұмыстар атқарылды.
Әріптестеріме, әр деңгейдегі депутаттық корпусқа, барлық кәсіпорындар ұжымына, жастарға, қоғамдық және этномәдени бірлестіктерге, құрметті ардагерлерге – барша маңғыстаулықтарға шынайы алғысымды білдіремін!
Ашық аспан астындағы мұражай атанған осынау киелі өлкеде өткен кезең менің жүрегімде жылы естелік болып мәңгі сақталады.
Маңғыстау — экономикасы нық, даму әлеуеті зор өңір. Ең бастысы өз елін сүйетін, оның гүлденуі үшін барын салатын рухы биік халқы бар.
Сіздерге барлық жақсылықты тілей отырып, табыс пен жаңа жетістіктерге жете берулеріңізге шын жүректен тілектеспін! Менің тарапыма айтылған жылы лебіздеріңіз үшін рахмет айтамын!
Құрметпен, Нұрлан Ноғаев.