Еліміздің бірқатар аймағында түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуді 25-мамыр мен 12-шілде аралығында екі рет тапсырады. Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Атырау облысындағы 11-сынып оқушыларына су тасқынына байланысты осындай мүмкіндік беріліп отыр. ҰБТ-ның екінші легіне тіркеу басталып кетті. Түлектер 20-мамырға дейін тест тапсыратын күн мен орынды өзі белгілеуі тиіс. Жергілікті білім басқармасы өкілінің дерегінше, биыл облыста 5800-ге жуық оқушы 11 сыныпты тәмамдайды. Оның 96 пайызы тестілеуге қатысқалы отыр.
Орынтай БИМАНОВА, Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары
Қаңтар айында қалыпты жағдайда өткендігін білесіздер. ҰБТ-ға балаларымыз қатысты. Енді ол коммерциялық негіздегі оқу орындарына түсуге арналған. Балалар үшін өте тиімді. Себебі олар алдын ала психологиялық дайындық және білімдерін де тексеріп қарай алады. 5729 баланың коммерциялық бағытта өзінің мүмкіндігін сынаймын деген балалар қатысты. 4 мыңнан астам бала қатысты деп орта есеппен айта аламыз. Облыста Юстадидің екі жерде пункттері бар, бұл Құлсары қаласы мен Атырау қаласында орналасқан. Осы жерде балалар екі рет мүмкіндіктерін сынай алады.
Биыл түлектердің 125-і «Алтын белгіден», 329-ы «Үздік аттестаттан» үмітті. Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова тасқын болған аймақ түлектері тестілеуден төмен балл жинаса, ақылы болып есептелген қаңтар-наурыз айындағы тестілеудің жоғары деген нәтижесін грантқа түсу үшін тапсыра алатынын айтқан еді.